14:58
Шежіре - ұлтымыздың алтын діңгегі

Шежіре – ұлтымыздың алтын діңгегі Шежіре дегеніміз не? Бұл сұрақтың жауабының алдында мен өзімді аздап таныстырып өткенді жөн көріп отырмын. Мен Бекжігітов Темірбай Сіләм-ұлы 1965 жылдан бері осы Омбы облысының тұрғынымын. Жас кезімізде үлкендермен амандасқанда танымаса бірінші сұрақ қай жердікісің, әкең кім, руың қандай деп сұрақтың астына алатын. Сондықтан туған жерім Қарағанды қаласы, өскен жерім Павлодар облысы, өнген жерім Омбы облысы, руым Қыпшақ. Омбы қаласында педагогикалық институт бітіріп, Тавричан ауданында 40 жыл мұғалімдік жұмыс атқарып зейнетке шықтым. Жас кәрілікке жақындап қалғансын бір ой келді. Осы Ресей жұмыс ардагері атағынан басқа ұрпақтарға не қалдырасың дегендей. Жастармен көп араласқасын ба, осы біздің қазақ жастары жеті атасын көбі білмейді-ау, оны сұрайтын білетін ұлкендер де азайып келеді, сондықтан неге жастарға көмек ретінде аталарын таратуға іздеу жұмысын бастамасқа деп Аллаға сиынып бисмилләһи деп өз аталарымды, елдестерімнің ата-бабаларын жинақтап кішігірім шежіре құрастырдым. Ол шежірені Павлодардағы жерлестерім көріп, менің де аталарымды іздеңізші, шежіреге қосыңызшы деген сұраныстар көбейді де жұмыстың мөлшері ұлғайды. Аллаға шүкір интернеттен мәліметтер іздеп, біліміме білім қосып Қыпшақтан шығып өзіме, бала, немерелеріме жеткіздім шежіремді, басқа аталарды да қостым.

Әрине бәрін ойдан шығарған емеспін ғой, жас кезімде еліміздің ақсақалдарының әңгімелері де есіме түсті, жазғандарым да бар еді ақсақалдардың естеліктерін. Кітап шығаратын да ой келді. Сол арада Абзал Кұрмашев, Сүйіндік Рамазан деген әріптестер табылып, Құлатай Қыпшақтан тараған Қожан бабамыздың шежіресін құрастырайық деген шешімге келдік. Ел-елден интернет, телефон арқылы шежірелер іздестіріп, биылғы жылдың 15-ші сәуірінде электронды кітапты жарияладық. Әлхамдулилляһ, жақсы жинақ болып шықты.

Бұл шежіре бұрын сонды болмаған. Көптеген тарихи деректер мен шежірелер бір араға келтірілді. Амангелді өңіріне көп жерлестеріміз үлес қосты, үлкен рахметімізді білдіреміз.

Осы кітабіміздан сіздердің назарларыңызға ұсынбақпыз. Нақты кітаптың нұсқасымен алу үшін менімен одноклассник жүйесімен хабарласуға болады.

Шежіре дегеніміз не? Қазақ халқының жеті ата шежіресі дегеніміз әрбір отбасында атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, берік орнығып, заңдылыққа, халық тәрбие құралына айналған ізгі іс-әрекеттер, тәлім-тәрбиелік қағидалар, жалпыға ортақ әдептілік, инабаттылық нормалар жинағы деп түсінемін. ҚЫПШАҚ – ЕЖЕЛГІ АТАУ Нұрғали Сарыпбекұлының «Тоқсан екі баулы Қыпшақ. Бұлтың ұрпақтары» атты кітабынан (2009 ж.) үзінділер: «...Осы пайымдаулардан соң, сүттен өндірілетін тағам өнімдері «қапы-ақты» өндірушілер мен оны пайдаланушылардың «қабы-шы-ақ» делінгені айқындала түседі. Сонда «қымызшы», «айраншы» деген тәріздес. Егер осы пайымдауымыз дұрыс болса, онда сонау көне заманнан «қапышы-ақ»-тың, яғни қыпшақтың баламасы, олардың өз тіліндегі аудармасы болып табылады. Қыпшақ бірлестігіндегі халықтар (тайпалар) өзара іштей беске бөлініп, шығыстағылар – көк қыпшақтар, батыстағылары – құба қыпшақтар, теріскейдегілер (солтүстік) – қара қыпшақтар, күнгейдегілер (оңтүстік) – қызыл қыпшақтар, ал ортасындағылар – сары қыпшақтар деп аталады. Кейін Қытай қыпшақ, Құлан қыпшақ, Қара қыпшақ, Торы қыпшақ, Сары қыпшақ деп аталған».

Қазақстанда Қыпшақ тілін зерттеп жүрген белгілі ғалым Әбіжан Құрышжанов 1978 ж. жарық көрген «Құманша-қазақша жиілік сөздік» атты еңбегінде қыпшақ тілінің әйгілі ескерткіші, қолжазбасы Италияның Венеция қаласындағы әулие Марк ғибадатханасынан табылған «Кодекс куманикусты» талдау барысында мынадай тұжырымға келген: «орта ғасыр қыпшақтары бір тілде сөйлеген, қай өңірді жайлап, қай атырапта жүрсе де олардың ана тілі біреу ғана болған». Қыпшақ тілінен қазіргі қазақ тілі бастау алған.

Будапешт университетінің шығыстану факультетінде қазақ тілінің маманы болған, қазақ қызына үйленген, әрбір жазғы демалысын Қазақстанда өткізіп жүретін бауырымыз Иштван Қоңыр Мандоки еді. Венгр қыпшақтары өздерінің арғы аталары, яғни Мадияр руының Қазақ халқының ішінде баршылық екенін естіп, 1950 жылдары олардың антрополог ғалымдары Қазақстанның Торғай даласына келіп, зерттеу жұмыстар өткізіп, қазақ арасындағы мадияр руларының өздерімен қандастар екенін дәлелдеген. Бүгінгі таңда қазақ арасында Қыпшақ тайпалары еліміздің Қостанай, Торғай, Қызылорда, Көкшетау, СҚО, Павлодар және Ресейдің Орынбор, Қорған, Челябі, Омбы, Алтай өңірлерінде шоғырланған.

Қыпшақтар XI-XIII ғасырларда шығысында Ертіс өзенінен бастап батысында Дунайға (Дешті Қыпшақ жері) дейінгі ұлан-ғайыр даланы жайлап хандық құрып, Еуразияны мекендеген халықтардың этномәдениетіне ықпал еткені мәлім. Бүгінгі Қыпшақ тайпалары олардың ұрпақтары екені сөзсіз. АРҒЫ ТЕГІМІЗ ҚАРА ҚЫПШАҚ XV ғасырда Қыпшақ тайпалары Қазақ хандығы құрылғасын Сырдария өзені мен Торғай, Ырғыз, Қобда өзендері аралығында мекендеген. Қара қыпшақтан Есім, Сейіт, Тоқтарбай тараған. Тоқтарбайдан Қобыланды батыр мен Ойбас би тараған. Қобыланды батырдан Бөгенбай (Қаншошай-Қарамерген-Қараспан) тараған. Ойбас биден бес ағайынды (ел арасында «Бес таңбалы Қыпшақ» деп аталған) Көлденең, Ұзын, Бұлтың, Қарабалық, Торыайғыр (Торы) тараған. Ойбас би өз заманында бүкіл Қыпшақ тайпасының басты биі болған. «Қобыланды батыр» жырындағы негізгі оқиғалар мен басты қаһармандардың ат-заттары түгелге жуық анықталуы халқымыздың аруақты ата батыры Қобыланды XIV ғасырдың перзенті екеніне сендірмей қоймайды.

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер триллогиясында» XV ғасырда өмір сүріп, Арғынның Ақжол бидің баласын мерт қылуы шындыққа жанаспайды. Кейінгі деректерде Ақжол бидің баласын Қарақалпақ батыры Қолдауын мерт қылғаны анықталды. Батыр бабамыздың мазарының Ақтөбе облысындағы Қобда ауданының Жиренқопа ауылының маңында екендігін және мазарының жанында батырдың қайрақтасының жатқандығы жөнінде ғалымдар көптеген деректі материалдары мен дәлелдеп отыр. Қобыланды батыр туралы деректемелерді алғашқы болып 1906 жылы ғалым В.В. Карлсон жариялаған болатын.

Герасимов әдісі мен батырдың бет бейнесін жасау ісімен Москвалық ғалымдар, шеберлер Е. Веселовская және Т. Балуевалар айналысып, көптеген нәтижелі жұмыстар жасады.

БҰЛТЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
Бұлтыңнан (Бөрілі) Биболат-Ағыс-Сары-Шуақ-Жұбаныш-Сүйініш-Уәріс
(Өріс) пен Меңіс (Бегіс) тараған. Уәрістен үш ағайынды – Құдас, Төбет, Сандық
тараған. Меңістен Жолоба мен Күрлеуіт тараған.
Құдастан 1) Ожыралы 2) Сағал 3) Қосқұлақ 4) Жарымбет тараған.
Төбеттен 1) Қосайдар 2) Жанайдар 3) Құлатай 4) Мадияр тараған.
Сандықтан Бөтік тараған(Құланыш одан Ақбалық және Бөлік деген қос ұл
тараған).
Бұлтың ұрпақтары Қазақстанның солтүстік өңіріне XVІ ғ таралды деген
деректерде кездеседі. Бұлтыңның баласы Биболат солтүстік өңірде өмір сүрген.
Торғай, Ырғыз, Сырдария өзендері аралығынан Бұлтың ұрпақтары Қазақстанның
солтүстік өңіріне көшіп қоныстанған. Кейін Жоңғар шапқыншылығы кезінде
батысқа қарай Тобыл мен Обаған өзендері жағына ығысқан. Ақтабан
шұбырындыдан кейін XVІІІ ғ. 20 жылдардың соңында қайра өз мекендеріне
оралған. 1901 ж. Омбы уезінің картасына сүйенсек Бұлтың ұрпақтары шығысында
Ертіс өзенінен бастап батысында Теке көлі және солтүстігінде Алабота көлінен
оңтүстігінде Сілеті өзені аралығында көшіп-қонып жүрген.

Темірбай Сіләмұлы

Санат: Тарих | Қараулар: 608 | Қосқан: Temirbay
Пікірлер саны: 1
0  
1 Temirbay   (28.10.2022 17:44) [Материал]
Қате жазылыпты ҰЛТЫҢ ҰРПАҚТАРЫ дегенді БҰЛТЫҢ ҰРПАҚТАРЫ деп оқу керек.

Пікірлерді тек тіркелген қолданушылар ғана қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]