09:29
Сауапты іс. Ойланайық, ақылдасайық, ағайын.

Біраз уақыт бұрын Амангелді ауылының чатында Елеш Таскенұлы өте дұрыс бір ұсынысты ортаға салды. Ол ұсынысы – ауылымызда мешіт салу. Өте керемет идея, қазіргі тілмен айтқанда фишка, яғни өте өзекті, дұрыс және кез келген мұсылман баласына қажет ғимарат. Елеш бауырымызға осындай бір жақсы ұсынысы үшін өз басым ризамын. Екіншіден чаттағы жүзден аса жерлестеріміздің ешқайсы қарсы шықпағанына да ризамын. Барлық жерлестер  мешіттің  ауылымызға, барлықтарымызға не екенін түсініп отыр ғой. Алла Тағаланың  алдында қадірімізді арттыратын мешіт ғимараттарын салу және оның қатарын арттыру сауапты іс екені хақ. Мешіт – мұсылман жамағатының  Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шын мәнінде тәубеге келетін, жабырқаған жандарға жұбаныш табатын,  арман-тілегін Алла Тағалаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Бұның бәрі дұрыс, бірақ осы мешітке бес уақыт намазын оқуға баратын ауылдастарымыз бар ма? Жарайды, қаражат табылды дейік; жарайды,  жарығы мен жылыту мәселесі шешілді дейік, ал егер намазға баратын жамағат болмаса – бұл өте ауыр болады. Қазірдің өзінде ауылымыздың тұрғындарының арасынан намазға жығылатын адамдардың саны 3 кісіден аспайтын шығар. Ал мешітті кем дегенде 50 адамға арнап салған жөн.  Елеш бауырымыздың ұсынысы өте орынды және дұрыс, бірақ  осы идеясын іске асыру мақсатында ауылымыздың тұрғындары өз еріктерімен  ішімдікті ішуге, сатуға, сақтауға тыйым салса, бұл үлкен бір іс болатыны анық және артынан намазға жығылатын адамдар да болатыны анық. Мешіт салу мәселесі чатта талқыланған кезде ешкім қарсы шыққан жоқ, яғни пікірталас болған жоқ, жай ғана пікір алмасу өтті, сондықтан осы мәселеге байланысты сұрақтардың жауабын  облысымыздың діни басшылығынан білуге болады.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлының айтуынша, облысымызда 97 мешіт жұмыс істейді. Жалпы, әр ауылға мешіт салу – сауапты іс болғанымен, оны тоздырмай ұстап тұрудың жауапкершілігі одан да зор екенін ескертеді.

 

 

«Мешіт салу – кез-келген адам айналыса беретін қарапайым дүние емес. Мұның артында үлкен сұрауы бар жауапкершілігі жоғары мәселе тұр. Әрине, аймағымызда мешіттердің көп болғаны жақсы. Әрбір елді мекенде бір-бір ғибадат үйі бой көтеріп, ауыл тұрғындарын азан үнімен оятып, жастардың санасына асыл дініміздің құндылықтарын сіңіру бағытында үздіксіз қызмет етіп тұрса, қандай ғажап?! Алайда, қаржы мәселесі де реттелген болуы керек. Мысалы, бір-екі жылдан кейін діни мекеменің коммуналдық шығындарын өтей алмай, қарызға батып жатса, қыста жылытатын отын болмай, мешіт жабылып қалып жатса, одан үлкен қасірет жоқ, - дейді Жолдас Қоспақұлы. Сондықтан, ауылдық жерлерге мешіт салу жұмысын қолға алған белсенді азаматтарға алдымен мынадай талаптар қойылады:

 

 

Біріншіден, ауыл мешітінде тұрақты жұмыс істеуге дайын мамандарды тауып, оны айлықпен қамтамасыз ету. Себебі, біздің елде діни мекемелер мен дін қызметкерлеріне мемлекеттің бюджетінен қаражат қарастырыл-майды.

 

 

Екіншіден, Алланың үйі күндіз-түні қаңырап бос тұрмау жағын ойластыру тиіс. Яғни, онда бес уақыт намаз оқып, жұмаға жиналатын жамағат болуы керек. Кезінде ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өзі: «Жамағатсыз мешіт - жетім» деп бекер айтпаған болар.

 

 

Үшіншіден, ауыл мешіттерінде жұмыс істейтін имамдар келген жамағатқа бес уақыт намаз оқытып қана отырмауы керек. Халықты Алланың үйіне шақырып, уағыз-насихат айтып, асыл дінімізді ұлықтайтын әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс. Сонымен қатар, ауылдың жасөспірімдерін ғибадат үйіне топтастырып, оларға бастапқы діни білім беріп, имандылық сауатын ашу жолында жұмыс жүргізу. Себебі, мешітке жоламаған кейбір жастарымыз дінді «көлденең көк аттыдан» үйреніп кетсе, оның соңы жақсылыққа апармайды. Қазақтың сал-дәстүрін және дәстүрлі ислам шариғатын мойындамайтындар сондай топтардан шығады.

 

 

Төртінші мәселе, ғибадат үйінің коммуналдық шығындары. Қыста оның ішіндегі жылу құбырлары қатып қалмас үшін үнемі от жағып жылытып отыру керек. Сонымен қатар, ай сайынғы төленетін жарығы мен судың шығындары бар.

 

 

Міне, осы мәселелер алдын ала ойластырылған болуы керек. Жалпы, мешітті кез-келген ауылға сала беруге болмайды. Ең алдымен ҚМДБ-ның рұқсатын алу шарт…

 

 

Алдымен халықпен кездесіп, пікірі тыңдалады. Сол кездесудің хаттамасы мүфтиятқа жіберіледі. Яғни, бас мүфти тұрғындардың өтініштерін толық қарап шығуы керек. Егер діни басқарма тұрғындардың өтініш-тілектерін ескеріп, мешіт салуға рұқсатын берсе, құжат жинау процесі басталады. Алдымен жерін рәсімдейді, одан кейін бір адам сол мекеме құрылысына заңды түрде иелік етеді. Осы құжаттарды жинап болған соң діни басқармаға қайта ұсыныс жіберіледі. Ал құрылысы біткеннен кейін облыстық әділет басқармасына тіркейді, - дейді бас имам».

 

 

 

 

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлының сөздері келесі сайттан алынды https://saryarka-samaly.kz/zhaniliktar/meshit-salu-sauapty-is-degenmen-/  

 

 

Санат: Мәдениет | Қараулар: 547 | Қосқан: Admin
Пікірлер саны: 1
0  
1 Aza   (30.01.2023 21:31) [Материал]
да . Главное чтобы были люди. которые будут читать намаз в этой мечети.

Пікірлерді тек тіркелген қолданушылар ғана қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]