22:32
Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы

Қыпшақ – түркі тайпасы, 9-шы ғасырға дейін Жайықтан шығысқа қарай Ертіске дейін мекендеген. 890-шы жылы Қыпшақтар Жайықтан өтіп печенегтерге шабуыл жасап, оларды екіге: шығыс және батыс бөлікке бөліп тастады. 900 – 1200 жылдары қыпшақтар Еділден Днепрге дейін қоныстанып, Ресейдің оңтүстік жағына шабуылдап тұрды. 1222 жылы Кавказдың теріскей бетінде оларды монғол қолбасшысы Сүбетай ( дұрысы Сыпатай) мен Жебе жеңіліске ұшыратты. 1223 жылы Қалқа өзенінің жағасында монғолдар қыпшақтар мен орыс княздерінің біріккен жасақтарын тізе бүктірді. Монғолдар осы алғашқы жеңістеріне тоқмейілсіп шығысқа қайта қайтты. 1237 жылы Батый Ресейдің шығыс және оңтүстікжағын бағындырып болғасын, жолшыбай қыпшақтарға да тиісіп талқан қылып кетті. Араб тарихшысы Рукнаддиннің айтуынша монғолдардың тез табысқа жетуіне қыпшақтардың екі тобының арасындағы қырын қабақтық әсер еткен сияқты. Содан олардың бірі монғолдарға бағынып, екіншісі батысқа қарай кетіп, Венгрия жерін қоныстанған. Тұтқынға түскен қыпшақтарды венециялық көпестер сатып алып, Мысырға (Египет) апарып сатқан. Уақыт өте келе Мысырда қыпшақтар кәдімгідей көбейгесін Мысыр сұлтаны олардан ерекше жасқтар құрды. Ол жауынгерлер мәмлүктер (яғни құлдар) деген атпен белгілі болды, 1259 жылы мәмлүктер бүлік көтеріп, сұлтанды өлтірді де оның орнына өздерінің қыпшағы Ибақты қойды.



Монғолдар келер алдында Ресейдің қазіргі оңтүстік шығысындағы ең саны көп тайпа қыпшақтар болғандықтан, орыстар Алтын орданы кейде Қыпшақ ордасы, ал Түркістан елін – Дешті Қыпшақ (яғни Қыпшақ даласы) деп атады.14-ғасырда қыпшақтар Еділдің орта ағысынан Сырдарияның аяғына дейін көшіп жүрді, 15-ғасырда қыпшақтар Әбілқайыр ханның басты ұйтқысын құрап, Қартау тауларында, (ол аейде Қараспан деп те аталады, қыпшақтар ішінде Қараспан атасы да бар) қоныстанды. Олардың бұл жерде болғанын «Қобыланды батыр» жыры да көрсетеді. Қобыланды моласы Ақтөбе уезіндегі Қарақоба өзенінің бойында Електен 40 шақырымдай жерде тұр.



Қыпшақ таңбасы – екі тік сызық – ІІ (қос әліп).



Енді Құлатай Қыпшақтан тараған Байжігіт атасына келсек, бұл ата тұзды Қызылқақ көлінің (188м2, тереңдігі 1м.) солтүстік қойнауын мекендеген. Қоныстары Қарақұдық, Ақсу, Сегізпішен ауылдары болған. Жоғарғы ауыл Сегізпішеннен Қызылқақ көліне дейін көктем суы ағатын ұзын сай бойында Ақсу ауылына қоса Тышқан, Қарлығаш жәйлімдері жатыр. Бұл сайдың басы Байқонды ауылынан басталады. Су тоқтату үшін осы сай бойы бес жерден бекет жасап кішкене тұщы бес көл пайда болды. Көктемгі сарқыраған қар суы бекеттерді жыл сайын бұзып Қызылқаққа ағып жатты, сондықтан бекеттерді жыл сайын оңдауға мәжбүр болған. Мен өзім түған жерім Қарағанды қаласы болса да, өскен жерім Ақсу ауылы жүрегімде өте жылы сезіммен орын алады. Ақсу ауылы жоғарғыда айтылған сайдың жағасында болғаннан кейін ойпатты жерде тұрады. Елге басқа жерден келе жатқанда екі-үш шақырымға дейін Ақсу көрінбейді. Дөң басынан бүкіл алқап Сегізпішеннен Қызылқаққа дейін алақандағыдай болып жайнап шыға келеді. Өте тамаша, әдемі көрініс. Жан жақтан келген жолдар, кішкене құрым сайлар жердің бетінде неше түрлі сызық болып ауылға жетіп түйіседі. Ақсу ауылын кішкене сай екіге бөледі. Ауыл ортасында бүкіл елді кенелтетін зығырлы «Тас құдық» тұр. Суы тап таза, суықтығы тіс жаратын, өте дәмді.



1935-1940 жылдар арасында Ақсу ауылында «Жаңа таң» колхозы құрастырылды, Қарақұдық, Сегізпішен ауылдары бөлімшелері болып тағайындалды. Колхоз басқармасы болып Игіліктен тараған Әбәйілдә-ұлы Қабжаләл сайланды. 1954-ші жылы тың игеру программасы бойынша Амангелді атындағы совхоз құрылды. Ақсу ауылы 1-ші бөлімше атанды, ал Шолақсай жәйлімінде 2-ші бөлімше құрылды. Амангелді селосы совхоз орталығы, Қарақұдық ауылы оның фермасы болды. Жаңа совхозға Совет мемлекетінің әр жерлерінен жүздеген тың игерушілер келді. Олар – орыс, украин, молдаван жерлерінен, шыңқай жас жігіттер мен қыздар. Соныме қатар жаңа совхозды жаңа техникалармен қамтамастырылды. Тың жерді алып тракторлар жыртып, бидай себілді.Ең алдында тың игерушілер палатка құрып, жер қазып эемлянкалар істеді.Одан кейін шым үйлерін сала бастады. Алдында шымды күрекпен қазатын, ол ауыр жұмыс болғандықтан білгіштер шым кесетін машина істеді. Ол машинаны тракторға тіркеп жерден ұзын шым лентасын кесетін болды.Ол машинаны істеуге жүзеге асырған ел көрікшісі (кузнец) Сағынай-ұлы Бортай атамыз еді.Ол кісінің қолынан келмейтін шаруа жоқ еді.1960-шы жылдан бастап саман кірпіш соғып, жаңа үйлер салына басталды. Жас жанұяларға үкімет ссуда қаржы беріп дайын стройматериал алынды, ол бір жеңілдік болды. Елге электр свет беретін станция орнатылды. Кештен түнгі сағат 12-ге дейін свет берілетін болды.



Ертіс аудандық компартия комитеті совхоз директоры қылып Буренков, бірінші бөлімшенің меңгерушісі Лямин деген азаматтарды тағайындады. Трактор бригадасына Байниязов Қажат, бухгалтер Еділбаев Шорман, завхоз Бекжігітов Сләм тағайындалды. Соңынан бөлімше меңгеруіншсі болып Коккозов Ескендір жұмыс атқарды.



1957 жылы Ақсу ауылында бастауыш қазақ мектебі ашылды. Бұл уақытқа дейін балалар көрші ауылдарда, Ертіс қаласында оқу оқитын еді. Бірінші мұғалім болып Үлгілі ауылының жігіті Хайруллин Мұқаметқали тағайындалды. Бірінші сынапта бірінші оқушылары болып Бекжигитов Темірбай, Булатова Зәйкен, Сагадиев(Сайфуллин) Бауыржан, Мажитов(Жұмасанов) Барлыбай т. б. балалар келді. Мектеп шым үйде орналасты. Бір бөлімде мұғалім жанұясымен тұрды, екінші бөлімде ақу орны болды. Жас мұғалім өте ынталы, жігерлі, білімді, ел алдында абыройлы болды. Сол кезде ақындық, әншіліктігі білініп жұрді. Мұғалімнің арқасында шаңғы деген не екенін білмейтін ел балалары шаңғы теуіп, доп ойнай бастады. Жаңа жылда шырша қойып ел балаларына қызықты жаңа өмір басталды. Бірінші уақытта мұғалім біздің уйде пәтерде тұрды. Әкеммен Қарағанды туралы көп сөйлесетін. Әкем Бекжігіт ұлы Сләм 1954 жылға дейін Қарағандыда тұрмыс жағдайымен шахтада жұмыс істеген. Соның әсерінен ғой деймін, 1958 ші жылы Қарағандыға барып пединститутқа түсіп келді, филология факультетіне. Институт бітірген соң мұғаліміміз Ертіс қазақ орта мектебіне ауысты. Одан кейін ауылда Жансарин Жәркен, Бауыржан Сайфуллин мұғалім болып жұмыс атқарды.



1961 жылы Амангелді совхозының орталығынан жаңа мектеп салынып сегізжылдық орыс мектебі ашылды. Бірінші директор болып Ильяшев Қабылқақ ағамыз тағайындалды. Біз сол кезде Ақсу ауылында бастауыш қазақ мектебін бітіріп жаңа мектепке 5 ші сынапқа бардық. Қазақша оқыған бізге орысша оқу қиындау болды, сонда да бастауыш мектепті үздік бітірген Зәйкен екеуіміз 1965 ші жылы орыс мектебін де үздік бітірдік. Басқа мектептерде оқып жүрген аға-апаларымыз да келіп жаңа мектепте оқи бастады. Оның ішінде Құсаинов(Алкенов) Таймыс, Исин Рамазан, Шарықпаев Қалел, Сапаргалиев Саттар, Амангельдинов Қайыр, Есмағамбетов Қайрат, Карыбаева Файруза, Құдайбергенова Күлайым. Ақсу, Қарақұдық ауылдарының балаларын жер құрғақта күркелеген машинамен, жол жоқта ДТ-54 тракторына күркелі шатыр тіккен тележка, не шанамен күнде жауын-шашынға, қар-боранға қарамай тасып тұрды. Қандай қиын болса да, жастықтың аты жастық кой, жол бойы өлең айтып, оқуға барып жүрдік. Кейінірек мектеп директоры болып Кабжалялов Амантай ағамыз жұмыс атқарды.

Просмотров: 2328 | Добавил: temirbaybekzhigitov | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 1
0  
1 Admin   (06.07.2015 22:25)
Амангелді, оған қарасты ауылдардың тарихы мен адамдары туралы өте қызықты әңгіме екен.

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]