Мусапиров Қайкен Әміреұлы
25.03.2023, 09:14

Мусапиров Қайкен ақсақал 1922 жылы 1 мамырда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Жаңатаң колхозында, қазіргі Амангелді ауылының  Ақсу деген бөлімшесінде дүниеге келген. Бір жасқа толмай әкесінен айрылып, он жасында анасынан жетім қалып, Қайкен ақсақал Ертіс ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 7 жылдық мектепті тәмамды. 1942 жылы Ертіс аудандық әскери комиссариятына шақырылып, қызыл әскер қатарына қосылды. Сол жылдың 16 маусымында әскери антын қабылдап,Қиыр-шығыс шекарасында әскери қызметін атқарып, жеңісті сонда қарсы алды.1945 жылы Жапонияға қарсы соғысқа қатысты. 1945-1948 жылдары Қиыр-шығыс Тынық мұхиттық округі, Подгорный заставасында сержант шенінде жауынгерлік қызметін атқарды. 1948 жылы бейбітшілік өмірі Павлодар облысы, Ертіс ауданы,Амангелді ауылында өтті. 

1950 жылы Омбы облысы, Русская Поляна ауданы, Қаратал ауылының тумасы Салықова Көпеймен отбасын құрды. Қайкен ата мен Көпей апа екеуі бірге 45 жыл отандасып,дүниеге 14 бала әкелді , он төрт баланың төртеуі бала күнінде шетінеп кетеді. Көпей апамыз көпбала тәрбиелегені үшін 1974 жылы КСРО Жоғарғы Кеңес президиумның жарлығымен «Мать героиня» атанып, «Алтын Алқамен» марапатталған. Көпей апамыз 10 баланы тәрбиелеп ұлын ұяға, қызың қияға қондырған ардақты ана, асыл әже. Қайкен ақсақал 1957 жылы совхозға жем-шөп сақтаушы ретінде жұмысқа тағайындалады. 1959 жылы Аудандық қаржы бөлімінің салық агенті; 1966 жылы Амангелді совхозының шопаны, болып жұмысқа орналасып, 1982 жылы еңбек демалысына шығады. 1984 жылы зейнеткер ретінде Амангелді совхозына жұмысқа шақырылып, онда 3 жыл абыроймен жұмыс істейді. Қайкен ата шаңырағында балалайка,сырнай, гитара, домбыра, мандолин сияқты түрлі музыкалық аспаптар ілулі тұратын және ол аспаптарды жақсы меңгергендіктен еркін ойнайтын. Бірақ, көбіне балалайка, мандалин мен ұлттық аспабымыз домбырада ойнағанды ұнататын. Қайкен атаның отбасылық өмірінде Отанға адал, елге қайырымды он баласы тәрбиеленді.

Қайкен атаның ұлы Қабдолла Қайкенұлы Мусапиров мектеп аяқтауымен Ертіс ауданы, Северный савхозының СПТУ – 54 оқу орнына түсті. 1972 жылдың көктем айында Ертіс ауданының әскери коммисариятымен әскери қатарына шақырылды. 1974 жылы әскер қатарынан үйге оралып, туған аулында механизатор болып, көп кешікпей шопыр қызметіне жұмысқа ауысады. 2003 жылы Көкшетау облысы, Қызылту ауданына қоныс аударып, 2016жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. Өкінішке орай 2021 жылы жазында дүниеден өтеді.

Қайкен атамыздың екі ұлы Мусапиров Бағдат Қайкенұлы және Мусапиров Сағдат Қайкенұлы еліміздің энергетика саласында ГРЭС-2 станциясында «Электроцех» бөлімшесінде еңбек етеді. Мемлекетіміздің дамуына зор үлес қосқаны үшін«Электроцех» бөлімшесінің шебері Мусапиров Бағдат Қайкенұлына Қазақстан Республикасының Құрметті Энергетигі атағы, ал Мусапиров Сағдат Қайкенұлына «Ерен Еңбегі Үшін» медалі берілді.

Кенже ұлы Мусапиров Ерболат Қайкенұлы Екібастұз қаласының «Восточный» разрезінде құтқарушылар отрядында бөлімше бастығы болып еңбек етуде. Осы салада адал еңбегімен, еліміздің дамуына зор үлес қосқаны үшін«Кеншілер даңқының I-ші, ІІ-ші және ІІІ-ші дәрежелі» ордендерімен марапатталды.

Ең үлкен немересі Дюсенов Ардақ Бекзадаұлы «Богатырь» разрезінде локомотив машинисі қызметін атқарады. Ардақ, «Кеншілер даңқының» ІІ-ші және ІІІ-ші дәрежелі ордендерінің иегері.

Бұл Қайкен атаның балалары мен немерелеріне берген тәрбиесімен, отбасылық құндылық, жауапкершілік, гуманизм сезімін сіңіргендігін көрсетеді. Қайкен ата көзі тірісінде 20 немере сүйген. «Ат тұяғын тай басар»- деп, бүгінгі күнде Қайкен атаның 28 немересі, 53 шөбересі, 2 шөпшегі өсіп келеді. Қайкен атаның үлкен ұлының отбасы Көкшетау қаласында, қыздарының бірі Астана қаласында, ортаншы қызы Ресей Федерациясының Омск қаласында тұрады.Қайкен атаның қалған балалары Екібастұз қаласында тұрып жатыр. Екі немересі Ресей Федерациясының Амурск қаласында тұрса, қалған немере-шөберелері Қазақстанның әртүрлі қалаларында тұрып жатыр.

1995 жылдың 2 маусымында Мусапиров Қайкен дүниеден өтіп, Амангелді ауылы, Ақсу мазарында жерленген.

Наградалары мен марапаттары:

«Еңбек ардагері» медалі

«Германияны жеңгені үшін» медалі (1945 жылғы 9 мамыр);

«Жапонияны жеңгені үшін» медалі(1945 жылғы 30 қыркүйек)

«Кореяны азат еткені үшін»,

«Армия мен флотқа 30 жыл» (1948 жылғы 24 қазан)

Санат: История | Добавил: Admin
Қараулар: 194 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]