Мурзалиновтар әулеті
12.03.2023, 13:00

Атамыз Амангелді Мырзалыұлы 1916 жылы Павлодар обылысы, Ертіс ауданы, Қарақұдық ауылында қолөнер шебері, ұстаның отбасында дүниеге келген. Руы – құлатай қыпшақ, оның ішінде байжігіт. Атамыз балалардың үлкені, одан кейін інісі мен қарындасы бар еді. Балалық және жасөспірімдік шақтары туған өлкелерінде өтті. Ол кезде Қарақұдық ауылы үлкен ауыл болды, өзінің ауыл басшылығы, мектебі, дүкені бар. Жиырмасыншы ғасырдың 40-шы жылдары Амангелді колхозының орталығы болды.7 жылдық мектебі болғандықтан маңайындағы ауылдардың мектеп жасындағы балалары Қарақұдыққа келіп оқитын.1941 жылдың тамыз айында атамыз әскер қатарына шақырылып, майдан даласына аттанды. 120 атқыштар полкінің атқыштар қатарында Сталинград үшін шайқасқа қатысты. Сұрапыл соғыс кезінде, 1942 жылы немістер біздің қорғанысты бомбылағанда атамыз алдыңғы шепте болды, жау оғынан басы мен аяғынан қатты зақымданып, Иркутск госпиталіне жатқызылады. Кейін 1943 жылы туған өлкесіне қайтып оралды. Атамыз «Ұлы жеңістің 20, 30, 40 50» жылдағы мерекелік, «Кеңес Одағы қарулы күштеріне мерекелік 50, 60, 70 жыл», «Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков», «За победу над Германией» медальдарімен және 1985 жылы Кеңес заманында «1 дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары дүкенде дайындаушы болып жұмыс істеді, ал 1946 жылдан бастап Амангелді ауылында қойма меңгерушісі болды. Атамыз ел Ағасы болды және оған қоса шежіре жазды. Ауылдың, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына өз үлесін қосты, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары еді. Сондықтан атамыз ел- жұртқа сыйлы, білімді, қысылғанда талайы келіп арқа тұтқан беделі зор жан болатын. Апамыз Мүгілшім Ертіс ауданы, қазіргі Иса Байзақов ауылында туған. Ашаршылық кесірінен ерте жетім қалды. Бұдан кейін нағашыларының қолында тәрбие алды. Оқуды аяқтаған соң, Павлодар педагогикалық училищесіне түседі және оны ойдағыдай аяқтайды. 1945 жылы ауыл мектебіне қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жолдамамен қызметке келді. Сол жылдары атамыз екеуі танысып, үлкен отбасын құрайды. Отбасында бес бала тәрбиелеп өсірген. 1946 жылы туған тұңғыштары сәби кезінде қайтыс болды. 1947 жылы Қайыр есімді ұл бала, 1956 жылы Қабдолла есімді ұл бала, 1957 жылы Шайдула есімді ұл бала, 1960 жылы Құралай есімді қыз бала, 1961 жылы Әйменай есімді қыз бала дүниеге келді. Өкінішке орай, Қабдолла балалары 2007 жылдың қаңтар айында дүниеден өтті. Ата-апамыз еңбеккор, пейілі кең, қонақжай жандар еді. Балалық шақты еске алған кезде бірден ата-апамыздың қара шаңырағы еске түседі, бәріміздің басымыз онда жиі жиналатын еді, күні бойы бірге ойнап, апамыздың жанында сол құрамда (немерелері) қонып қалатын едік. Той мен томалақтарда да ұйытқы болатын ата-апамыз еді. Атамыз ер мінезді, шындықты жақсы көретін, адамгершілігі мол адам болатын. Есімізде атамыз келе жатыр десе, бәріміз жым-жырт болатынбыз. Қатал, суық сияқты болып көрінгенмен, бір ұрысып, қатты сөз айтқан емес. Ал апамызға келсек момын, жұмсақ, біздің барлық ойлағанымызды бірден түсініп, бар жағдайымызды жасайтын. Ата-апа үйі түн-күн демейтін есігі әрдайым ашық тұратын, қонақжайлық қатты сезілетін, соғым-күздік, ырым - жырым дәстүрлерді сақтап жүретін. Соғымнан басқа 70-80 қаз ұстаудан жалықпайтын, бұнда да соғым-күздік құсап көрші жерлестерін шақырмаса болмайтын. Баяғыда әр отбасы өздері нан, тоқаш т.б. дәмділерді өздері пісіретін. Сонда есімізде апамыздың пешке пісірілген наны үлпілдек, жұп-жұмсақ болып шығатын, ал құрт-қоспа пісірерде құрттың көбігін дәм ету үшін кезекке тұратын едік. Таңғы уақытта көршілер бір-бірін шайға шақырып, әр қуанышты себеп, жағдайлармен бөлісіп жатқандары, тату-тәтті өмір сүргені-ай! Сол ата-апамыз көшесінде ғана ойнауға қызықты болған. Ата-анамыз баласын іздейтін болса, сол атамыздың көшесінен табатын. Ата-апамыз үлкен 83 жасқа толып қайтқан еді. Сонда атамызды жерлеген күні, көше балалары сол күні мектепке бармауының да бір себебі бар шығар!? Апамызбен өлеңдер, ертегілер, анекдоттарға дейін күнде демесек те айтып отыратын едік. Балалайка, домбыра шертетін тамсана тыңдайтынбыз. Атамыздың кітапханасында өте көп кітап болатын, қанша келсекте, өз бөлмесінде қиса, дастандарды, жұлдыз журналын оқып отыратын. Ата-апамызды сағына еске аламыз.

 

Немерелері

 

 

Қайыр Амангелдіұлы

 

 

 

Қайыр Амангелдіұлы әулеттің екінші перзенті. Ол дүние есігін 1947 жылдың желтоқсан айының үшінші жұлдызында Қарақұдық ауылында ашқан. Тек сол жылы қатты боран болып, ауылдық акиматқа айналған Қызылқақ ауылдық округіне (Западный) жете алмағандықтан, туу туралы куәлігі сәл кешіректеу істелініп, онда туған күні 1948 жылдың 2-ші сәуірі деп берілген. 1955 жылы Целина ашылып, Амангелді ауылы орнаған болатын. Атамыз осы Амангелді ауылында ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған екен. Ол 1-4 сыныптар аралығында орыс мектебінде оқыған, кейін Пушкинде бір жыл оқып, ауылға қайта келіп 8-сыныпқа дейін орта білім алған. 

 

Мектепті бітірісімен арман қуып 1964 жылы Омбыға аттанады, онда "Омский строительный техникумға" оқуға түседі. Омбыда 4 жыл шамасында оқиды, оқу барысында Комсомол жолдамасымен жарты жыл бойы газ құбырының трассасы "Средняя Азия-Центрде" жұмыс істейді. Оқуын аяқтаған соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Забайкальский военный округке, яғни, әскерге 2 жылға аттанады. 1969 жылы жақсы әскери борышы үшін 10 күндік демалысқа ауылыңа жібереді. Дәл осы кезде ол туысқанының үйіне қонаққа келген Роза Джәкудақызын кезіктіреді. Екі жастың көңілдері жарасып, хат алмасып жүреді. Кейін әскерден келісімен, 1970 жылдың 15 тамыз күні шаңырақ көтереді.

 

1971 жылы атамыздың тұңғыш қызы Кадиша, 1973 жылы Бауыржан, 1975 жылы Нуржан, 1977 жылы Ержан, 1982 жылы Алия, 1986 жылы Жанар мен Жұлдыз атты балалары дүниеге келеді. Әскерден келген бетте ауылға жұмысқа орналасты. Өзінің еңбек жолын мастер болудан бастады. Сырғыған уақытпен бірге жасы да, қызметі мен мәртебесі де жоғарылай берді. Осылайша 1970 жылдан бастап 1993 жылға дейін "главный прораб" қызметін, 1993-1998 жылдар аралығында орталық мекемеде бас экономист қызметін, 1998-2008 жылдар аралығында Карагатеевтердің жеке шаруашылығында бас бухгалтер қызметін, ал 2008-2011 жылдар аралығында СПК ашылысымен, СПК төрағасы қызметін атқарған.

 

Ауылды көркейту мақсатында 47 жылға жуық еңбек етіп, 2011 жылы өзіне тиесілі зейнет демалысына шықты. Амангельдинов Каир Амангелді ауылының көркеюіне мол үлес қосқан жандардың бірі. Ауылымыздағы мектеп, балабақша, мәдениет үйі, мал, қой баздары, пост, тұрғын үйлер атамыздың басшылығымен салынған. Мадақтауларына келетін болсақ, 1970 жылы Лениннің 100 жылдығына орай "За воинскую Доблесть" медалімен, алғыс хаттар мен мақтау қағаздарымен марапатталған. Қазіргі таңда атамыз еліне елеулі, халқына сыйлы дара тұлға. Атамыздың 7 баласы, 11 немересі, 5 жиен немересі, 3 шөбересі бар.

 

Жазған немересі Эльнара Қабдолла

 

 

Амангелдіұлы Қабдолла Амангелдіұлы

 

 

1956 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. Туған ауылында 8 сыныпты бітірген соң, облыс орталығы Павлодар қаласында арнайы киномеханик мамандығына оқыды. Оқуды аяқтаған соң киномеханик болып Ақсу ауылында біраз жыл жұмыс істеді. 1975-1977 жылдары Германияда әскер қатарында болды. Кейін Ертісте шопыр оқуын бітіреді. Ауылға оралған соң механизаторлық салада жемісті еңбек еткен. 1985 жылдың наурыз айында Любовь Қажымқызына үйленді. 1988 жылы Серік деген жалғыз ұлдары дүниеге келді. Қабдолла ағамыз өте аққөңіл, сабырлы, жұмысыңа тиянақты жан еді. 2000 жылы отбасымен Екібастұз қаласына көшіп барады. 2007 жылдың қаңтар айында өкінішке орай дүние салды, отбасы бүгінгі күні де Екібастұз қаласында тұрады.

 

 

Шайдолла Амангелдіұлы

 

 

Шайдолла Амангелдіұлы 1957 жылдың 20 қазанында дүниге келді. Мектепте 10 сыныпты аяқтаған соң, 3 жылға Қара теңіз әскери флотына азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Флотта әскери міндетін өтеп жүрген кезінде Стамбул (Турция), Тартус (Сирия), Гдыня, Гданьск (Польша) сияқты Еуропаның ондаған қалаларында болды. Әскерден оралған соң, 1983 жылдың қыркүйек айында анамыз Аманжолова Даметкен Шарықпайқызымен шаңырақ көтерді. 1984 жылы Бахыт, 1987 жылы Асель және 1990 жылы Мирхат есімді балалары дүниеге келеді. Әкеміз өте еңбекқор, ұқыпты адам. Құрылыс, электр жағынан бәрін өз қолымен жасайды және техниканы жетік біледі. Көптеген жылдар бойы ауыл шаруашылығында тыным таппай адал еңбек еткен. Жүргізуші болып жұмыс істеді, оған қоса көктемде егін егіп, күзгі орақ кезінде комбайнге отырып ораққа қатысты, ауыл ішінде бірнеше рет бірінші орындарға ие болып, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 2002 жылы отбасымызбен облыс орталығы Павлодар қаласына көшіп келдік, жоғары оқу орындарын ойдағыдай аяқтаған соң, әрқайсымыз таңдаған мамандығымыз бойынша жұмысқа орналастық. Ата-анамыз ұлың ұяға, қызың қияға қондырған бақытты жандар. Қазіргі таңда Даметкен жарымен зейнетке шығып, 9 немере сүйіп отыр. Ата-анамызға бақытты балалық шақ үшін, әрқашан бізді қолдап, демеу болғандары үшін үлкен алғыс білдіреміз.

 

Балалары Бахыт, Асель, Мирхат

 

 

Құралай Амангелдіқызы

 

 

Құралай Амангелдіқызы Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Амангелді (Қарақұдық) ауылында 1960 жылдың 11 маусым күні дүниеге келген. Қыз бала әкесіне жақын болады демекші, Амангелді атамыз адал еңбегімен еңбек еткен қарапайым адам болса да, қыздарына ешбір таршылықты көрсетпей қылықты, ерке қыз қылып өсірген. Құралай анамыз 1967 жылы Амангелді ауылында 1 сыныпқа барады. 10 жыл шамасында оқып, 1977 жылы мектепті тәмамдайды. Сол жылы "Павлодарский Кооперативный колледжге" сатушы мамандығына оқуға түседі. Оқу бітірісімен, 1978 жылы туған жері-Амангелді ауылына жұмысқа орналасады. Сол жылдары жұбайы Базархан әкемізбен танысады. 1981 жылы жастар шаңырақ көтеріп, отау құрады. 1983 жылы Қымбат атты қыздары, 1985 жылы Данияр атты ұлы, 1986 жылы Бахтияр атты кенже ұлдары дүниеге келеді. Кең пейілді кешкентай ауылымызда бақытты тату-тәтті 2003жылға дейін өмір сүріп, қимай отбасымен Павлодар облысы Ақсу ауданы Жолқұдық ауылына көшіп келеді. Одан бір-екі жылдай тұрып, балалары үй салып беріп, Павлодар қаласына көшіп келеді. 2019 жылы анам мен әкем екеуі өздеріне тиесілі зейнет демалысына шығады. Құралай Амангелді қызы өте қонақжай, қолы ашық, кең жүректі жан. Әрқашан да айналасындағы адамдарға қол ұшын созып, барынша қолдап жүреді. Анамыз туыс десе, жанын да, қанын да береді. Жақынының басына күн туса, әрдайым материалдық жағынан да, рухани жағынан да көмектесуге әзір. Айтып кетсек артық болмас, өте қонақжай, туыстық қарым-қатынасты қашан да жоғары қойған. Ауылда соғым соярда барша ағайын-туыстардың, құда-жекжаттардың басын қосып отырады. Қандай той болмасын, қазақтың бар ырымдары мен салт-дәстүрлерін сақтап жүреді. Мысалға, үлкен құда келсе, қалай күту керек, не сыйлау керек, әр нәрсенің орнын біледі. Еңбекқор, жұмыс істейтін болса, жанын салып істейді. Коллектив ішінде беделі бар, қадірлі жан. Жақсы әйел жарының жақсылығын асырар, жамандағын жасырар демекші, Құралай анамыз үйінің қазығы, ырысы мен берекесі. Анам мен әкем керемет жандар, бір мін таға алмайсың. Адамгершіліктері мол, балаларына қашан да түсіністікпен қараған. Өз ақылы мен парасатының арқасында балаларына тура жолды нұсқай білген. Ана-әкеміздің үш баласы, алты немересі бар. Қазіргі таңда ана-әкеміз жылдар бойы еңбектерінің жемісін көріп, балалары салып берген қара шаңырақта бақытты ғұмыр кешуде.

 

 

Жазған қызы Кымбат Базарқанқызы

 

 

Әйменай Амангелдіқызы

 

 

Әйменай Амангелдіқызы Қарақұдық ауылында 1961 жылдың 9 желтоқсанында дүниеге келген. Апамыз осы Амангелді ауылында 1969 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттады. Мектепте 10 жыл шамасында оқып, 1979 жылы арман қала - Алматыға лаборант курсына оқуға түсті. Оқуды аяқтаған соң, Амангелді ауылында, Ленин ауылында лаборант болып жұмыс істей бастайды. Көп ұзамай 1985 жылы 9 тамызда Нуркин Тұяқ Көпжасарұлы атты азаматқа тұрмысқа шығады. Жас отбасы Ертіс ауданында отау құрады. Апамыз бұл кездері жұмыспен қатар оқуың да алып жүреді. Сатушы мамандығына 6 айлық курсты оқып, кейін, дүкендерде жұмыс істей бастайды. 1986 жылы тұңғышы Дамир дүниеге келіп, ерлі-зайыптылар Северныйға көшіп кетеді. Бұл жақта наубайханада жұмыс істейді. Бір шама уақыттан соң, 1989 жылы Айнаш атты қыздары туылады. Кейін сәбилі жанұя 1991 жылы Амангелді ауылына қоныс аударады. Апамыз Амангелді ауылында тұрмыстық техника дүкенінде жұмыс істей бастайды. 1994 жылы қызды болады, Айымгүл атты қыздары дүниеге келеді. Бұл жылдары жаппай жазалау іс-әрекеттері өктемдік көрсетіп, дүкендер жабыла бастайды. Осылайша, апамыз жұмыстан шығып кетеді. Тұңғыш балалары Дамир оқу бітірер жылы (2001 ж.) қалаға жақын Жолқұдық ауданына көшіп келеді. Осында қиыншылық пен қуанышқа толы 15 жылын өткізеді. Кейін 2016 жылы балалары Дамир үміттерін ақтап, қаладан үй салып береді. 2018 жылы Айменай апа Ардагерлер үйіне жұмысқа тұрады. 2021 жылы 60 жасында еңбек өтілі жетіп, зейнеттік демалысқа шығады. Қазіргі таңда ата-апамыз балалары тұрғызып берген үйде екі немересінің қызығын көріп бақытты да ғұмырлы өмір сүруде. Жалпы, Айменай апа жүзі мейірімге толы, өте сыпайы, ақылды, қонақжай адам. "Шешеге қарап қыз өсер" демекші, баршамызға үлгі болар аяулы жан. Үйге қонақ келсе, қисық қабақ танытпай, әрқашан да құшақ жая қарсалып, самауырыңа жүгіреді. Бар дәмдісін алдымызға тосады. Әр нәрсеге шебер, қолы алтын жан. Қай істі бастамасың, керемет атқарып шығады.

 

 

 

Санат: История | Добавил: Admin
Қараулар: 219 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]