Бейсембаев Айткеннің отбасы
24.03.2023, 08:59

Бейсембаев Айткеннің (Айтмұхаммед) ата-тек əулеті Ертіс өңіріндегі Омбының Сағал бөлімшесіндегі қыпшақтардан бастау алады. Бұл əулет Омбы облысы аумағына ХІ ғасырдан қоныс аударған. Іргесі XVI ғасырдың басындағы «Сағал зираты» атты əулеттік қорымдардың бірі Бозан ауылының маңайында орналасқан. Бұл əулеттің атақты да қайталанбас тұлғаларының бірі XVIIІ ғасырдағы қазақ- жоңғар соғысында танылған Түгел батыр. Батырдың ұрпақтары бүгінгі күндерге дейін Ресей мен Қазақстанның Омбы жəне Павлодар облыстары аумақтарында өмір сүреді. 1875 жылға дейін сағал-қыпшақтар Cағал-қыпшақ болысына қарасты саналатын.

Айткен Бейсембаев 1923 жылы мамырдың 9-шы жұлдызында Ресейдегі Омбы облысының Русская Поляна ауданына қарасты Алабота совхозында (Бозан ауылынан шалғай емес) Бейсембай Турабайұлы мен Латипа Емкенқызының отбасында дүниеге келген. Соғыс басталар алдында 8 сыныпты аяқтап, кейіннен Алматы мен Павлодар қалаларында бухгалтерлік курстарда білім алды.

1941 жылдың қаңтары мен 1943 жылдың қаңтары аралығында майданда 872-ші атқыштар полкінде «сержант» əскери шенінде Солтүстік-Батыс шебінде маршал Тимошенко қоластында ерлік көрсетті. Майданда кіші медициналық қызметкер курсын аяқтады. Оның əскери бөлімі даңқты күрес жолынан өтті: Мəскеу облысынан - Ұлы Новгород арқылы, Псков - Эстония аумақтары арқылы өтіп, Балтық елдеріне жетті, Латвия мен Литва территориясында, Польша Чехиямен шекараға дейін жетіп, бұл шайқастар қаһармандық ерліктермен аяқталды.

1942 жылы 1 мамырда ауыр минометтердің 111 жеке дивизиясы фашистермен қиян-кескі шайқасқа түседі. Айткен Бейсембаевтың өзі бұл соңғы ұрысты былай деп еске алады: «Біз фашистердің шабуылына тосқауыл қойдық. Əсіресе кө жаяу əскерлер мен барлаушылар шығынға ұшырады. Біздің дивизияның саяси-тəрбие және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейіннен командир Нұртаза Әбдікәрімовтың тұлғасы есімде мәңгі сақталды. Бəрімізді Омбы облысынан шақырды. Ол нағыз ержүрек батыр еді». Ауыр жарақат алған жауынгер А. Бейсембаев Киров медициналық-санитарлық  батальонына жеткізілді.

Соғысты 1944 жылдың қазан айында «старшина» шенімен аяқтады. Қазан айынан бастап 1944 жылдан 1945 жылдың 21 желтоқсанына дейін Мəскеу қаласындағы 236-шы жеке жұмысшы батальонында əскери борышын өтеді: КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен демобилизацияланды.

Кішіпейіл де қарапайым қасиетін бойына сақтаған атамыз өз шаңырағына мүгедек болып оралды. Бойындағы бұл игі қасиеттердің көрінісі – ол бұл шайқаста барлығы да дерлік барынша күрес жүргізді, оны айтып, мақтан етудің қажеті жоқ деп санады. Осылайша, А. Бейсембаев ІІ топтағы мүгедектік туралы құжаттарды 2006 жылдың 1 қаңтарында ғана алған, оны да балаларының талабы бойынша орындады. 2005 жылы Мəскеу облысының Подольск қаласындағы КСРО Қорғаныс министрлігі (РСФСР) архиві жəне Павлодар облысының əскери-дəрігерлік сараптамасы оның Киров қаласы ауданында ауыр жарақат алғандығын растады. Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктері үшін ІІ дəрежелі Отан соғысы ордені жəне басқа медальдармен марапатталды.

1946 жылы Ішкі істер халық комиссариаты (ІІХК) қызметкерлері А. Бейсембаевқа антикеңестік үгіт-насихат жұмыстарына қатысы бар деген айып тағып, Берлинге дейін жеткен ағасы Пішенбай Турабаевпен бірге ІІХК-ның арнайы комендатурасында тұтқынға алынды. Алайда, беделді туыстарының бірі Қарымқұл Алтыбасаровтың араша түсуімен олар көп ұзамай қамаудан босатылып, көршілес Қазақ КСР-ның Павлодар облысының Ертіс ауданы территориясына қоныс аударуға мəжбүр болды. Ол есепші, бухгалтер, бас бухгалтер (Мищенко совхоз басшысы ретінде қызмет атқарған жылдары), үш совхозға (Пушкин, Аманкелді, Ленин) арналған астық қабылдау зауытының пункті басшысы сынды түрлі қызметтер атқарды. 75 жаста лайықты еңбек демалысына шықты. Жоғары біліктілігі мен кəсіпқойлығы үшін халық арасында «Есепші Керенский» деген лақап атымен танылды.

Павлодарда 1 бөлмелі пəтердің кілтін облыс əкімі Д.К. Ахметов арнайы табыс етті. 2007 жылы 85 жасына қараған шағында өмірден озды. Павлодар қаласындағы Ленинск селосында жерленді.

1947 жылы 1928 жылы туған Қаратал ауылынан Зылиха Сартымбекқызы Асылбековамен отбасын құрды.

Əкесі Асылбеков Сартымбек (1873-1958) – Русская Поляна ауданы Қаратал (Бозан ауылының маңында) аулының тумасы, саудамен айналысқан, дəулетті кісі болған, екі əйелі болған: Муслима (Бөке) жəне Құлмият. Кəсіби ағаш шеберлерінің артелін ұстады. 1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 қайта ақталды. ХХ ғасырдың 50-жылдары сталинизм дәуірі үстемдік етіп тұрған заманда олар Жаратқанды танып, мұсылманшылдықты мойындағандары үшін қудаланып, қуғынға ұшырады. Бірақ оған қарамастан Асылбеков Сартымбек 1955 жылы Меккеге қажылыққа барады. Діни сауаты терең кісі болғандықтан бұл жолдың ұзақ та қиын жол екенін түсінді. Алайда, қажылық жасап, мұсылмандардың қасиетті мекеніне табан тіреп, рухани тазаруды негізгі мұраты санады. Жолсерік ретінде өзімен бірге жастау бір туысын ертіп апарады. Жол ақысын өзі көтереді. Ұзақ жолға аттанар алдында ұсталық құрал-саймандарының барлығын туыстары мен достарына таратып берді. Асылбеков Сартымбек бір жылдан кейін елге оралды. Шаңырағына келгенде оның өзгергені соншалық, атамызды туыстар жандар танымай қалды. Себебі, ол әбден тозып, жүдеп, ешбір қаражатсыз қалған жағдайда оралды. Ауылға жетіп ол күңірене ренжіген күйде былай деп тіл қатады: «Меккеде мен қалуым керек еді. Сол жақта жерленіп, сүйегім сол қасиетті мекенде қалғанын арман етіп едім...».... Атамыздың бұл жүрек түкпірінен шыққан сөздері қасиетті мекенге деген сүйіспеншілігін, иманы мен жан-дүниесінің тазалығының кіршіксіз мөлдір екендігін байқатса керек.

 Жасы ұлғайған кісіге ұзақ жолдың ауырлығы оның денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтіріп, 40 күннен кейін өмірден өтті.

Əйелі Муслима оған 12 перзент сыйлады, олардың ішінде 4-еуі ғана  аман қалды. Немере, шөбере жəне шөпшектері Омбы аумағында жəне Павлодар облысында тұрады. Муслима (Бөке) Рахымқызы 1000-нан астам жылқысы бар дəулетті кісінің қызы еді. Екінші зайыбы Бөке - өзі өмірден өткенше жолдасы Меккеден әкелген қара қолшатыр мен ішкі ақ қиімін сақтап келді. 1984 жылға дейін осы заттар Ғалы деген ұлының шаңырағында сақталып келді. 

Зылиха Сартымбекқызы мектеп-интернатта, совхоздың асханасында, ал зейнетке шығар алдында астық өндіру алаңында жұмыс жасады. Өте қайырымды, қонақжай, мейірбан жан ретінде ауыл арасында танылды. Оның бір көрінісі ретінде айтар болсақ, интернатта жұмыс істеп жүрген кезінде Зылиха әже Шолақсай ауылынан қатынап оқитын балаларды үйіне өзімен ертіп әкеліп, тамақтандырып, қондыратын. Көшен марқұмның балалары Сағынтай, Сансызбай және Ғизаттың баласы Рахметолла Айткен ақсақалдың шаңырағында жиі жиналатын. Айткен атамыз оларға халық ауыз әдебиеті жырларынан ертегі мен аңыз-әңгімелерді әсерлі баяндап, өмірлік ақыл-кеңестерін аямайтын. Ал, ақсақалдан соғыс туралы әңгімелеуін сұрай қалғанда, ол кісі көп жағдайда бас тартатын. Соғысты еске алғысы келмейтінін бір ауыз сөзбен түсіндіретін: «Қарақтарым! Ондай аласапыран шайқастарды ешқашан да естімей-көрмей, өсіп-өніңдер!» деп ақ тілегін жаудыратын.

Жазғытұрым мал қораларды қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында балшықпен сылай бастағанда, Зылиха әжеміз әр көршіге аздаған балшықтан үлестіріп беретін. Ауыл адамдары арасында ауқымды да күрделі жұмыстарды бірлесе атқару қазақтың ежелгі салт-дәстүрінде «асар» деп аталатыны белгілі. Міне, бұл көрініс те осы дәстүрдің орындалуы. Ауылдас-көрші Абай аға, Шегір ақсақалдың балалары Қаир, Заир атқа мініп үйге келе қалса, балшық илеуге бірден кірісіп кететін. Көрші үйдің әйелдері бір күннің ішіндей ірі қораларды жабыла әрлеп-безендіріп беретін. Көршілердің бұл жұмыла істеген еңбегі - Аманкелді ауылының бірлігін, бір-біріне деген құрметін көрсетті. Қонақжай әжеміз Зылиха қара қазанына ет асып, асарға келген көрші-ауылдастарға алғысын жаудырып, шығарып салатын. Ал, жиналған балалар асыр салып ойнап, мәз-мейрам күйінде үйлеріне тарқап кететін. Осы асардың арқасында басқа да отбасылар ауқымды шаруаларын осылайша бірлікпен жалғастыра білді.

Зылиха әжеміз қазақ халқының салт-дәстүріндегі қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарды даярлауға жаны құмар жан еді. Әр жазда әжеміз сырмақ бастырып, алаша тоқитын. Алаша тоқитын күні бүкіл ауыл-аймақтың балалары мен жасөсіпірімдері осы өнерді тамашалауға жинала қалатын.

Жазғытұрым Зылиха әжеміз құрт қайнататын. Бұл ұлттық тағамның дәмін алғаш рет көрші үйдің балалары тататын. Олар жасалатын құрттың қайнақ суынан көбік жалауды жақсы көретін. Әжеміз барлық баланы бірдей көріп, мейірім танытқаны соншалық, ешбір баланы қазақ, орыс, украин деп бөліп-жармайтын.

Ауданның халыққа жанашыр белгілі азаматтары, совхоздар мен түрлі  мекемелердің директорлары Аманкелдіге келгенде, әжеміз сол қара қазанына етін аямай салып, бауырсағын пісіріп, ақ дастарқанын жайып қарсы алатын. Келген қонақтар кеңпейіл әжеміздің қолынан піскен үлкен-үлкен нандарынан тағы да сұрап, арнайы өздерімен алып кетуші еді. Зылиха әжеміз ас пісірудің қыр-сырын меңгерген, жаны мен тәні кіршіксіз таза  кісі еді... Степанов, Скрипка деген көрші кісілерден қалмай, бау-бақшада жеміс-жидек өсіруге де уақытын арнады. Үйдің маңайы әсем гүлдермен жайқалып, аула тазалығы көздің жауын алатын. 

Бүгінде ата-әжеміздің сол қара шаңырағының бұзылмай, сақталғаны көңілге қуаныш ұялатады. Ата-әжеміз өте дәулетті ғұмыр кешкен жандар. Жылқының басы оншақты болса, қара малдың басы бесеуден аз емес, ал, қойдың саны жүзді жуықтап қалатын.

1994 жылы Павлодардың жанында орналасқан Ефремовка селосына қоныс аударды. Бұл елді-мекенде де мал өсіру кәсібімен айналысып, әсіресе, қой шаруашылығына аса көңіл бөлді. Атамыздың тіпті «қойы көп шал» деген лақап атқа да ие болғаны бар. Әжеміз Зылиха 1997 жылы жетпіске қараған шағында дүние салды.

Атамыз зайыбы Зылиха Сартымбекқызымен (1928-1997 жж.) 50 жылдай бірге өмір сүріп, 8 перзентті тəрбиеледі: Тəтті (1949 ж.т.), Алтыншаш (1953 ж.т.), Үміт (1954 ж.т.), Камал (1958 ж.т.), Дəметай (1961 ж.т.), Шолпан (1963 ж.т.), Гульнара (1965 ж.т.) жəне Рашид (1970 ж.т.). Бүгінгі күнде барлығы да отбасылы, балалы-шағалы, тіпті немере сүйіп отыр, Қазақстанда тұрады.

Дүниеге алып келген перзенттерінің барлығы да жоғары білім алды, шаңырақ құрып, перзент сүйді, зейнетке де шыққандары бар.

Тәтті - Т. Жүргенов атындағы көркем училищені аяқтап, көп жылдары мамандығы бойынша Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінде ұзақ жылдар қызмет атқарды. Бүгінгі күнге дейін бейнелеу өнерінен қол үзген емес. Қызы Құралай - кезінде құқық қорғау органдарында қызмет атқарса, қазірде нотариаттық қызметте жеке кәсіпкерлік ісімен шұғылданады. Ұлы Ерлан Алматы қаласында еңбек етуде. 

Екінші қызы Алтыншаш - Алматыда «бухгалтер» мамандығы бойынша тәмамдап, біраз жылдар «Бахус» атты танымал өндірістік фирмада қызмет істеді. Қызы Әйгерім - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бакалавриаты мен магистратура бөлімін үздік аяқтап, Алматы қаласындағы ең ірі банкілердің бірінде жұмыс жасайды. Ұлы Аңсар - Туркия мемлекетінде білім алған соң, қазіргі күні Австралия елінде докторлық диссертациясы бойынша ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізуде. Қосымша жергілікті студенттерге дәріс оқиды, физика пәнінен әлемнің бүкіл олимпиадаларының жүлдегері атанды.

Үшінші қызы Үміт - оқуын аяқтағаннан кейін, Павлодар қаласында көп жылдары бойы ерен еңбек етті. Ринат және Олжас есімді екі ұлды өсірді. Олжас - Павлодар қаласында заң колледжін үздік аяқтады.

Ұлы Камал - Аманкелді ауылында жүргізуші болып еңбек етіп, екі перзентін өсіріп-тәрбиелеп, оқытты. Ұлы Марат - полиция подполковнигі. Қызы Ботагөз - жоғары оқу орнын аяқтап, Астана қаласында бухгалтерлік салада қызмет етуде.

Дәметай - Алматыда білім алды, ірі зауытта цех басшысы лауазымында еңбек етті, екі қыз өсірді. Зухра мен Аяна атты екі қызына тәрбие беріп, олардың білім алу жолында бар күш-жігерін жұмсады. Аяна - Алматы қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкері.

Шолпан - Омбы қаласында «дәрігер» мамандығы бойынша оқуын тәмамдаған соң, Павлодарда «заңгер» мамандығында білім алды. Бүгінде Астана мен Алматы қалаларында қызмет жасап келеді. Ұзақ жылдар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында оқытушылық қызмет атқарды. Қазір Алматы қаласындағы Қ.И. Сәтпаев атындағы музей қызметкері. Үлкен ұлы Әлішер - Ұлыбританияның екі  бірдей университетін  (Ноттингем  және UCL) үздік аяқтап, қазір халықаралық фирмада қызметте. Екінші ұлы Әлібек - Германияның Дрезден техникалық университетін аяқтап, қазіргі таңда сол қалада  IT  мамандығы бойынша неміс фирмасында жұмыс атқарады.

Қызы Гульнара - Омбы,  Павлодар қалаларында жұмыс жасап, екі ұл өсіріп, немерелерін тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Фархат университетті аяқтап, Астанадағы ірі бір фирманың беделді маманы. Кіші ұлы Саят - Павлодар қаласында жеке кәсіпкер ретінде еңбек етеді.

Кенже ұлдары Рашид - құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, бүгінде зейнетке шығып, Астана қаласында еңбегін жалғастыруда. Екі перзенттің әкесі. Үлкен қызы Ақмарал - «тарих» мамандығы» бойынша Еуразия университетінің докторантура бөлімін аяқтап, докторлық диссертациясын қорғауға даярлануда. Ғылыми зерттеу жұмысының тақырыбы -  атақты Орта жүздің  ханы Уәлидің өмірі мен мемлекеттік қызметі. Кіші ұлы Арыстан - Павлодар университетінің «тарих» мамандығы бойынша магистратураны аяқтауда. Қосымша жергілікті колледждердің бірінде ұстаздық қызмет етеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Санат: История | Добавил: Admin
Қараулар: 204 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]