Атадан ұл қалса - өзі қалғаны, қыз қалса - ізі қалғаны. Аманжоловтар.
25.02.2023, 09:56

Асқар тау әкеміз, ардақты атамыз Аманжолов Шарықпай 1912 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданы Шолақсай ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Руы – құлатай қыпшақ. Әкеміз тым ерте жетім қалған. Өзін және кіші қарындасын асырау үшін бала кезінен бастап жұмыс істеген және өмірінің соңына дейін тынымсыз еңбек еткен. Адал, жауапкершілігі мол, еңбекқор жан еді. Сол кездегі көптеген адамдар сияқты, әкеміз өмірдің талай талқысын көрген, ауыртпалықтың сан түрін басынан кешкен. Ешқашан ешкімге салмақ салмай, көргенін төзімділікпен көтеріп, табандылықпен өмір сүрді және адами қасиеттерін жоғалтпады. 1941 жылы соғыс басталмас бұрын әкеміз анамыз Батихамен отбасын құрды. Бірақ көп ұзамай, сол жылы Ұлы Отан соғысы басталып, әкеміз майданға аттанды. Майданда ефрейтор-зенитчик болды. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін көптеген құрмет медальдеріне және алғыстарға ие болған. Екінші дәрежелі Орденмен марапатталды. Мәскеу облысында соғысып, Украина майданына қатысты. Бірақ 1945 жылы мамырда Берлинге жақындай бергенде қолынан жараланып, госпитальге жатқызылды. Әкеміз Берлинге сәл жетпегенін өкінішпен еске алатын.

Майданнан 1945 жылы үйіне, аяулы жарына оралды. Содан әкеміз ауылдың шаруашылығында тынымсыз еңбек еткен.

«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаңда, қарызыңнан құтылмайсың» - деген сөз бар. Ананың да орны бір бөлек. Анамыз Бейсекеева Батиха 1925 жылы дүниеге келген. Анамыз іске өте шебер болатын, сол уақытта тігін машинасы болмайтын, барлығын қолымен тігуге тура келетін. Бірақ қолмен тіксе де, тігісінен еш мін табылмайтын. Алаша, кілем тоқитын, әдемі оюлары бар түрлі түскиіз басатын еді. Оның пісірген тамақтары тіл үйіретін және қоспа, құрттары керемет шығатын. Анамыз бие сауып, қымыз ашытатын. Қымызы хош иісті, дәмді болғандықтан қымыз ішуге елден, сондай-ақ орталықтан адамдар жиі жиналатын.  Өмірінің соңғы жылдарында анамыз қатты ауырды, соған қарамастан қыздарынның болашағын ойлап, жасауларын дайындап үлгерген еді.  Анамызды өте жақсы көрдік және осындай ғажайып жанның перзенті болғанымыз үшін, Жаратқан Иеге сансыз мәрте Шүкір дейміз!

Ата-анамыздың 3 ұлы және 5 қызы дүниеге келді. 1946 жылы Қадиша есімді тұңғыш қыздары дүниеге келді. Соғыстан кейінгі қиын уақытта, медицинаның әлсіздігі, дәрі-дәрімектердің тапшылығынан тұңғыштары сәби кезінде қайтыс болды. 1948 жылы Халел есімді ұл бала, 1951 жылы Қазиза (Шакар) есімді қыз бала, 1954 жылы Маншакар есімді қыз бала, 1956 жылы Қайролла есімді ұл бала, 1959 жылы Тойжан есімді қыз бала, 1962 жылы Даметкен есімді қыз бала, 1965 жылы Қабдолла есімді ұл бала дүниеге келді. Өкінішке орай, кенже баласы Қабдолла 2014 жылы қыркүйек айында дүниеден өтті.

1987 жылға дейін біз Ақсуда тұрдық. Бұнда тек қана бастауыш мектеп болатын. Сондықтан қалған сыныптарды Аманкелді ауылында оқыдық. Аманкелді мен Ақсудың арасы жеті шақырымдай жер болатын. Әкеміз бізді сабаққа ат шаңамен апарып- әкелетін. Біз үшін ол үлкен қуаныш болатын.

Қыздардың үлкені Қазиза мектеп бітірген соң, мұғалімдікке оқуға түсті. Апамыз үшін қуандық, оны мақтан еттік. Ол кезде оқуға түсудің оңай болмағаны белгілі. Екінші апамыз Маншакар медицина училищесін бітірді.

Ұлын ұяға, қызын қияға дегендей, барлығымыз да (балалар) шаңырақ көтеріп, өз балаларымызды жеткізіп, немере бағып отырған жасқа да жеттік.

«Қариялар азайып бара жатыр» демекші, сонау сұрапыл соғыстың сұмдығы мен сұрқиясын көзімен көрген, қан майданда от кешіп, қар жамылған сарбаздардың, бүгінгі ардагерлер қатарының күн өткен сайын сиреп қалғаны өкінішті. Ұрпақтары еліне бостандық сыйлауға үлес қосқан батырлардың ерліктері мен өнегелі өмірін біліп жүрсе екен, өздері көрмесе де, жадына түйіп жүрсе екен деп армандаймыз.

Балалары және немерелері осындай әкесі мен атасы алдында бас иіп, оны мақтан тұтады! ОЛ БІЗДІҢ ЖҮРЕГІМІЗДЕ МӘҢГІЛІК !!!

Ата-анамызды сағына еске ала отырып, топырағы торқа, жандары жәннатта нұрлансын деп Алладан тілейміз.

Балалары, немерелері


 

Санат: История | Добавил: Admin
Қараулар: 308 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]