16:14
Сығандар

Аманкелді атындағы шаруашылық – облыстағы ең шалғай орналасқан қыр совхоздарының бірі. Қызметке келген бетім, ауылда ұрлықтың ұшынып тұрған кезі. Қырдың ұры жолдары аздай, дәл әргеден Кереку- Омбы тас жолы, Көкше-Русская Поляна, Омбы темір жолы өтеді. Қысқасы, тоқсан жолдың торабы, сауысқаннан сақ болмасаң, бір-ақ түнде жиған-тергеніңді жоқ қылады. Әді есімде 1981-дің тамыз айы, екі кештің арасында көшеде сығандар қаптап кетті. Ендігі жетпегені, сығандар еді, бұлардың басқан іздерінен шөп шықпайтыны елге мәлім, бақсам, Русская Поляна жеріндегі әріптестерім сығандарын маған тоғытқан. Ол кезде сығандар тұрақты мекенге қоныстанбайтын.

Бірден сығандардың «көсемі» Барон ақсақалға кездесіп, бүгінгі түн тиыш, ұрлық-қарлықсыз өтсе, күні ертең қалаған жерлеріне машинамен жеткізуге келістім. Менің ойым, бір оқпен екі қоянды атып алу, бірден қонақтардан құтылсам, екіден әріптестерімді тәубесіне түсіру. Әрине, отпен ойнаған шоқ басады, дегенмен ауру қалса да, әдеттің қалмасына кім кепіл? Ертеңінде Газ-53 автокөлігіне (Абай Ыдырысов) қонақтардың жүктерін тиеп, «Урал» автокөлігіне (Александр Сагалатов) сығандардармен өзім отырдым. Бет алысымыз – Көкшенің Елтай қой совхозы. Сағатқа жетпей Ресская Поляна ауданы Новосанжаровка совхозының Жуковка селосына келіп, ортасына тоқтадық. Барон ақсақалға Рома!  «Жарты сағаттың ішінде селоның дымын қоймай тонаңдар, жауабын өзім беремін», дедім.

Ауыл адамдары жұмыста, кәрі-құртаңы баубақшада. Сығандарым жарты сағатқа жеткізбей елді тұтқиылдан тонап, улап-шулап қайтып келді. Николай Сагалатов болса бозарып кеткен, өзі аудандық кеңестің депутаты, шошынып ол отыр. Бұлар менің автокөлігімді өзімді жақсы таниды деп,  жылармен болуда. Барон болса, сығандарының түгел аман-есен оралғанын хабарлады. Орнымыздан қозғала бергенде, бізге қарай бет алған, қолдарына аша-күрек ұстаған дүбір аяқ орыс келіншектерін көзім шалды. Сығандар құдай сақтап аман қалды, қолдарына түссе ашамен түйреп тастайтын түрлері бар.

Елтай совхозының шетіне сығандарымды аудара салып, елге келсем, жыламсырап Сара Әлкенова қарсы алды. Сара бірінші бөлімшеде бухгалтер болып істейді, түсте тамаққа келсе сығандар үйін тонап, неке алтын, сақиналарын екі мың ақшасын, екі мыңның киім-кешегін сыпырып кеткен.

Сығандарды іздеуге тура келді. Пішеннен келе жатқан пішеншілерді автобусымен тоқтатып, жәбірленуші Сара қызды отырғызып, бірден Елтай совхозына тарттым. Сығандар іздерін жасырып үлгерген. Ауласына кіргізбеген бір иттің қарнын жарып, шегіне іліп кеткен. Із кесіп, Көкшенің Молодая Гвардия (Мортық) совхозының орталығына келсек, көше толған әріптестерім, іздегендері сығандар. Қызыл ту аудандық ішкі істер бастығының бірінші орынбасары, милиция майоры Аманкелді мырзаның айтысына қарағанда, сығандарға екі үш үйді Херсон совхозынан тонатып, қапыда қалған, Русская Поляна аудандық ішкі істер бөлім бастығының бірінші орынбасары, милиция майоры Наумов болса, маған ренжиді, «Жуковканы тал түсте сығандарға тонаттың», деп мені тонатқан кім, деп өзіне бассалдым. Түсінді білем үнсіз қалды. Менің түсінгенім - сығандарды бір біріне итеріп, оңай жолға түсіп, жаман үйренген. Енді міне қателіктерін кеш болса да, жаңа түсінді. Қызыл ту ауданының орталығына 18 шақырым жетпей Толбухин совхозының тұсындағы ағаш арасында қонып жатқан жерінде сығандарды таптық. (Толбухин совхозының учаскелік инспекторы аға лейтенант, менің адасым, аты Қайыр екен),  Барон сөзге келмей, менің жоғымды тауып берді. «Рома, кешірім сұрап, сіз бізге бір елді тонатқанда, біздің сізді тонағанымыз ұят болды», - деді. Мен өзімдікін алғасын, әріптестеріме қарамай үйге тарттым, алда жүз шақырымнан аса жол жүру керек. Түні бойы дем алмаған пішеншілер келесі күні дем алды. Совхоз директоры Газиз Ахметұлы Текжанов Аманкелді тың совхозының алғашқы қазақ директоры, жігіттің төресі еді, сөзге келместен келесі күнді, пішеншілердің демалысына айналдырған. Қызыл көз пәледен машайық қашыпты дегендей, сығандар менің учаскемді айналып өтіп, көзім ашылды.

Қылмыстың алдын алу үшін кезінде талай қауіп-қатерге көзсіз бас тіктік, соның бірі аты шулы сығадар еді!

Қ. Жұмажанов

«Ертіс нұры», №39 (993), 25мамыр 2006 жыл

Санат: История | Қараулар: 629 | Добавил: Admin | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]