17:18
Ауылы Аманкелді алпыс бесте

Ел барма Аманкелді сенен ыстық, себебі сенен түлеп, сенен ұштық. Жансарин Жаркен ағамыз жырлағандай, құт берек дарыған астықты елдің он жыл дәмін татып, суын іштім, қылмыстың алдын алып, жолын кестім. 1980 жылдың қаңтарында Аманкелді, Ленин атындағы тың совхоздарына ширек ғасыр толғанда, милиция өкілі болып генерал-майор Мұхажановтың бұйрығымен осы жолдың авторы тағайындалды. Мені елмен, жермен қала берді участокпен таныстыруға Ертіс қала аудандық ІІБ-нің бастығы милиция полковнигі Оразбай Қуанышев мырзаның өзі жолға шықты. Су жаңа Уаз автокөлігінің тізгінін мығым ұстаған милиция старшинасы Доценко Анатолий Степанович, жер апшысын қуырып келеді. Бет алысымыз Аманкелді қыр совхозы. Полковниктің айтуына қарағанда милиция өкілі шыдамаған әкімшілік аймақ екен, оған себеп, аудан орталығынан 130  шақырым шалғай жатыр, қала берді Омбы, Көкшемен шекаралас ауыс-түйісі мол, байқамасаң өзіңді шекара асырып жібереді деп, маған артына бұрылып қарап қояды, түсіңдің бе деген адамдай. Қысқасы, парторгтің басын балтамен  шапқан аржағын айтпаса да түсінікті, партияның жалыны аспанға атып тұрғанда, дәл осындай іске барса, кіші лейтенант түгіл генерал шыдамайтыны айдан анық. Орекең орыс-қазақшасын араластырып, осы участокта бес жыл қызмет істесең, герой соцтруда, ал он жыл шадасаң герой Советского Союзаны  автоматический аласың деп, Доценконы да шұлғытып, құлаққа құйып келеді. Орекеңнің әзілінде де шындық бар, оны сөзінен байқап келемін. Дегенмен жақсы сөз жарым ырыс, періштенің құлағына шалынды білем, бес жыл емес, он бес жыл шыдап, Қазақстан ішкі істеріне еңбегі сіңген милицияның учаскелік инспекторы атандым. Бір  ғажабы Павлодар ІІБ-ның кадр бөлімінің бастығы, полковник Алғамбаров Бауыржанның дерегіне қарағанда Ертістің Кереку өңірінде, осы атаққа ие болған мен екенмін. Геройға келсек, Ертіс ауданы батырлардың Отаны десе болады. Басқаларын айтпағанда менің участогымнан Т. Коновалов, Т. Волков танымал екі батыр шыққан.

Аманкелді ауылын үстіне келіп қалғанда бір-ақ көресің. Қызылқақ көлінің кең сайына орналасқан совхоздың ірге  тасын көтергенде, желдің өтін ескерген деседі. Қызылқақ көлі айнадай жарқырып жатыр, бір түрлі сұлу көрінеді. Бізді совхоз директоры Текжанов Газиз Ахмет ұлы, партия ұйымының хатшысы Жетпісов Халел Халимоллаұлы Аманкелді ауылдық кеңесінің төрағасы Қабжалялов Амантай Әжікенұлы қарсы  алды. Директордан басқаларымыз жас жағынан тетелес екенбіз. Шаруашылығы мығым көрінеді. Тың игерудің ширек ғасырын қажырлы еңбектерімен қарсы алған, Ертіс ауданы үкімет қоймасына 23,5 млн. пұт таза бидай құйса, соның бір миллионы Аманкелді атындағы совхоздың үлесінде екен. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш деседі. Павлодар облысы үкімет қоймасында 80 миллион пұт, астық құйған екен.

Негізгі үш колхоздың жайлауы, алты атаның қонысы болған қасиетті жерде «Жана таң» іріленген колхозы құрылып, Құлатай-қыпшақ руларының тармағы Козыбек-Бәйжігіттің қонысы екен «Жаңа таң» колхозының алғашқы бастығы Әжікенов Қабжәлел ширек ғасыр колхозды басқарған. Соңғы бастықтарының бірі Бүкенов Назымбек шалдың әкесі Бүкен ақсақал болған  деседі.1954 жылы Аманкелді атындағы тың совхозы Жаңатаң колхозының негізінде құрылған. 1916 жылғы азамат соғысының һас батыры Аманкелді Имановтың (1870-1919) атымен аталған екен. Тың және тыңайған жерді игеріп, іргелі шаруашылықтың іргесін көтеріп, қайта үрдісін көзбен көргендер, Сагадиевтер әулеті: Сейфолла, Сапар, Бәйкен, Байниязов Қажат, Бекжігітов Слям, Жүкенов Қайыркелді, Қажақатов Имантай, Мұқанов Қасым, Баймышев Олжабай, Нұрғалиев Құдайберген, Еділбай Шорман, Еділбай Баязит, Исалин Олжабай, Шайхин Дүйсенбай, Қажмағанбетов Кәкім, Сартынбеков Капият, Асылбеков Ғалы, Балтағұлов Қайыржан, Ысқақов Жасұлан, Кабжалялов Амантай, Мұхамедияров Зекен және Манапов Шегір ақсақалдар егеменді ел болғанымызды тәуелсіздігімізді көзбен көріп, өмірден өтті. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, бұрыңғыдай көрінер» деген осы шығар, бұл табиғи заңдылық. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген жерлестеріме, жатқан жерлері жарық болып, иман байлығын берсін демекпін. Ұстараның жүзіндей мың құбылған жалған-ай!

Аманкелді атындағы совхоз, көппен бірге, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. 

Көбелек келіп көлп етіп,

Көбігін ішіп ол кетті.

Қарға келіп қарқ етіп,

Қалдығын ішіп ол кетті.

Сауысқан келіп саңқ етіп,

Сарқып ішіп ол кеттінің кері болды.

Алайда қара шаңырақтың отын өшірмеген ел азаматтары: Кадыров Жылқыбай, Қаргатеев Қайыр, Әбішев Совет, Солтанов Қасым, Аманкелдинов Қайыр, Кудеринов Олжан, Каленов Қайролла, Шарықбаев Қалел және Балтабаев Қайролла сынды ел ағалары біріне үлгі, енді біріне өнеге болуда.

Менің балғын шағымның он жылы осы құт береке қонған Аманкелді ауылында өтті. Бұл жақтың қазақтарының бір ерекшелігі, қазақтың салт-дәстүрін сол кездің өзінде жоғалтпаған. Біздің қазақтарға қарағанда өкпе назды білмейді, жұмыс істеуге оңай, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс дейді. Іргедегі Ресейдің мәдениеті бірден байқалады, қолыңмен істегенді мойныңмен  көтер дейді. Менің бұл елге, удай сіңіп, тастай батқаным, осының айғағы. Халқының саны 1282, оның ішінде, қазағы 921, яғни 76 пайызы өз қандастарым, құт-береке дарыған – қазыналы елдің бірі болды.

 

Қ. Жұмажанов

Санат: История | Қараулар: 694 | Добавил: Admin | Рейтинг: 4.5/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]